2019 жылы 16-17 қазанда Нұр-сұлтан қаласында «Интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау: проблемалары мен келешегі»тақырыбында екі күндік субөңірлік семинар өтті.

Семинар мақсаты-Интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау мәселелерін талқылау, сондай-ақ осы саладағы басқа елдердің тәжірибесімен танысу.

Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, ДЗМҰ, Ұлыбритания, Германия, Франция, АҚШ, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан зияткерлік меншік саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде әділет вице-министрі Ақерке Ахметова аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
«Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған диалогтық алаң құқықты қорғау бойынша шешу жолдарын табуға, заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі деп ойлаймын», – деді ол.

Іс-шара барысында интернет-қарақшылық, сандық ортада авторлық және сабақтас құқықтарды құқықтық қорғаудың құқықтық негіздері мен азаматтық құралдары, интернет-делдалдардың жауапкершілігі және т.б. мәселелер қаралды.